Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токиода өткен WTA-500 турнирінің жартылай финалынан бас тартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Рыбакина канадалық Виктория Мбоконы жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын. 1/2 финалда ол чехиялық Линда Носковамен кездесуі керек еді.
«Өкінішке қарай, бүгін ойнай алмаймын. Осы аптада арқаммен біраз қиындықтар болды, сондықтан 100 пайыз дайын емеспін. Бүгін мені көре алмайтын жанкүйерлерім үшін көңілім түсіп тұр, бірақ келесі жылы кездесеміз деп үміттенемін», — деді теннисші WTA-ның ресми сайтына берген сұхбатында.
Айта кетсек, Токиодағы WTA-500 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін Елена Рыбакина маусымның қорытынды турниріне (WTA Finals) қатысуға жолдама алды. Ол іріктеуде соңғы, сегізінші орынды иеленіп, ресейлік 18 жастағы Мирра Андрееваны артта қалдырды.
Жарнама