Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін чемпионы, ұлыбританиялық Энди Маррей Astana Open ATP 500 турнирінде ойнайды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі ҚТФ ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Маррей жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған.
Энди – үш бірдей "Үлкен дулыға" додасында (Wimbledon – 2013, 2016, US Open-2012) үздік шығып, теннис тарихында ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиаданы екі рет ұтқан жалғыз спортшы.
Осылайша, 1-9 қазан аралығында елордада өтетін турнирде Маррейден бөлек "Үлкен дулыға" турнирлерінің чемпиондары: Даниил Медведев (US Open-2021), Марин Чилич (US Open-2014) және Стэн Вавринка (Australian Open-2014, Roland Garros-2015, US Open-2016) бақ сынайды.