Бүгін, 29 қаңтарда Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA №5) Australian Open-2026 турнирі аясында жартылай финалдық матч өткізеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
26 жастағы қазақстандық теннисшінің финалға жолдама үшін матчтегі қарсыласы - әлемнің алтыншы ракеткасы, АҚШ теннисшісі Джессика Пегула болады.
Қарсыластардың корттағы кездесуі Қазақстан уақытымен 15:00-де басталады деп жоспарланған. Матчтың тікелей трансляциясын мына сілтеме арқылы көруге болады.
Бұған дейін Рыбакина ширек финалда сенсациялық түрде әлемнің екінші ракеткасы, польшалық Ига Швёнтекті 7:5, 6:1 есебімен жеңген еді. Ал Пегула жартылай финалға америкалық дербиде Аманда Анисимованы (WTA №4) 6:2, 7:6 (7:1) есебімен ұтты.
Екінші жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко Украина теннисшісі Элина Свитолинамен (WTA №12) кездеседі. Бұл матч Астана уақытымен 13:30-да басталуы тиіс.
Australian Open-2026 турнирі 18 қаңтарда басталып, 1 ақпанға дейін өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 74,9 миллион долларды құрайды, ал жекелей сындағы жеңімпаз 2 793 365 доллар көлемінде сыйақы алып, WTA рейтингінде 2000 ұпайға ие болады.
Айта кетейік, турнирдің қазіргі чемпионы - америкалық теннисші Мэдисон Киз (WTA №9) осы маусымдағы Australian Open жарысындағы өнерін ертерек аяқтаған.
Жарнама