Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Канадамен кездеседі.
Лондонда (Ұлыбритания) алдағы маусымға арналған турнирдің іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстандықтар финалдық кезеңге жолдама алу үшін Астанада Канада құрамасымен кездеседі. Айта кетейік, Канада құрамасы 2023 жылғы әлем чемпионы атанған.
Қазақстан мен Канада құрамалары осыған дейін бір-ақ рет, 2017 жылы кездескен. Ол кезде Канадада өткен тартысты кездесуде қазақстандық теннисшілер 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Әйелдер құрамаларының арасындағы әлемдік рейтингте Канада төртінші орында тұрса, Қазақстан тоғызыншы сатыға жайғасқан.
Іріктеу матчтары 2026 жылдың 10-11 сәуір аралығында Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді. Бағдарламаға төрт жекелей матч пен бір жұптық кездесу кіреді.