Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Истбурнда өтетін АТР 250 турниріне қатыспайтын болды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Александрдың орнына америкалық теннисші Дженсон Бруксби (ATP рейтингінде №149) қатысады.
Айта кетейік, ол үш жыл бұрын әлемдік рейтингте 33-орынға дейін көтерілген болатын. Бірінші айналымда Бруксбидің қарсыласы аргентиналық Франсиско Комесана (ATP №65) болады.
24 жастағы Бруксби биыл тенниске қайта оралды. 2023 жылдың қазанында ол допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін 18 айға жарыстардан шеттетілген еді – бір жылдың ішінде үш рет допинг-тесттен өтпеген.
Кейін ол бұл жазаны 13 айға дейін қысқартуға қол жеткізді. Алайда жарақаты мен білекке жасалған отаға байланысты толық мерзімге дейін алаңға орала алмаған еді.
Бублик "Уимблдон" турнирінде қайта оралады – ол жерде үшінші айналымдағы ұпайларын қорғауы керек. Турнирдің алғашқы айналымы 30 маусымда басталады.
Өткен аптада қазақстандық теннисші Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінде чемпион атанды. Жарыс барысында ол әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерді, сондай-ақ өзіне қолайсыз қарсылас саналатын Даниил Медведевті финалда жеңді.