Таеквондодан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қытайдың Уси қаласында өткен бәсекеде Қазақстан құрамасы екі қола медаль еншілеп қайтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нодира Ахмедова үздік үштікке еніп, қола жүлдегер атанса, 46 келі салмақта Айдана Құмартаева да қола медаль иегері болды.
Қалған қазақстандық спортшылардың көбісі жарыстың алғашқы және ширек финалдық кезеңдерінде бақ сынады.
Жалпы есепте Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 16-орынға тұрақтады.
Медаль кестесінде Түркия (3 алтын, 2 күміс, 1 қола), Оңтүстік Корея (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) және Бразилия (2 алтын, 2 күміс) үздік үштікті құрады. 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншілеген Өзбекстан құрамасы 5-орыннан көрінді.
Өткен жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалған еді.
Айта кетейік, 2027 жылғы таеквондодан әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылады.
Жарнама