Таэквондодан Қазақстан құрамасының ең тәжірибелі өкілдерінің бірі Жансель Дениз елден кетіп, спорттық мансабын басқа командада жалғастыратын болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"1Бол" басылымының мәліметінше, Дениз Сингапур құрамасына бапкер ретінде ауысқан. Кей деректерге сүйенсек, ол команданың бас бапкері қызметін де атқаруы мүмкін.
Айта кетейік, Жансель Дениз ресми түрде спорттық мансабын аяқтады. Оның жаңа рөлдегі алғашқы жарысы 2025 жылдың 24 қазанында Қытайдың Уси қаласында өтетін әлем чемпионатында өтуі ықтимал.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жансель Дениз 1991 жылдың 26 тамызында Ақмола облысы, Степногорск қаласында дүниеге келген. Бала кезінде Түркияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған, алайда кейін Қазақстанға оралған. Ұлттық құрама сапында ол +67 кг (OR) және −73 кг (WR) салмақ дәрежелерінде өнер көрсетті.
Қазақстан құрамасы сапында ол:
- 2017 жылғы Универсиаданың күміс жүлдегері,
- 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері,
- 2021 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері,
- 2022 жылғы клубтық Азия чемпионатының күміс жүлдегері,
- 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Жансель Дениз 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) және 2020 жылы Токиода (Жапония) өткен Олимпиада ойындарына қатысып, тиісінше бірінші айналымда және ширек финалда жарыстан шыққан.
Жарнама