15 қазанда Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі басталады. Бұл байрақты бәсеке еліміз үшін айрықша маңызға ие. Себебі Қазақстан тарихта алғаш рет Silk Road Tour сериясындағы Әлем кубогы кезеңін қабылдайды. Елордада өтетін додада Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері бас қосып, тартыстың көркін қыздырмақ.
2026 жылы World Aquatics Бакуды (Әзірбайжан), Ташкентті (Өзбекстан) және Астананы Әлем кубогының бірыңғай бағытына біріктіріп отыр. Серия бірнеше ғасыр бойы Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстырған Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды.
Әлем кубогының алғашқы екі кезеңі аяқталды. Біріншісі Бакуде (Әзірбайжан) өтсе, екіншісі Ташкентте (Өзбекстан) ұйымдастырылды. Серияның шешуші кезеңі 15-17 қазан аралығында елордада өтпек.
Жарысқа 50-ден астам елден 750-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 22 спортшы ел намысын қорғайды.
Ресми тізімге Александр Румынский, Даниил Черепанов, Максим Клименко, Софья Сподаренко, Аделаида Пчелинцева, Егор Василенко, Глеб Коваленя, Даниил Чужинов, Раид Хиссамиев, Мансұр Балтемір, Еламан Бибулаев, Артем Шевченко, Айбат Мырзамұратов, Анатолий Руденко, Ришат Жұмағұлов, Әділбек Мусин, Артур Миронов, Максим Сказобцов, Егор Попов, Федор Диденко, София Абубакирова және Ғалымжан Балабек кірді.
Соңғы рет отандастарымыз төртжылдықтың басты додасы саналатын Азия ойындарында өнер көрсетті. Сол бәсекеде Қазақстан құрамасы екі эстафеталық жарыста үздік бестіктің қатарына кірді. Қазақстан ерлер құрамасы еркін стильмен 4x100 метрге жүзуден эстафеталық жарыста 3:17.86 уақыт көрсеткішімен бесінші орын алса, ал 4x100 метрге кешенді жүзудің аралас командалық сайысында отандастарымыз жүлдеге бір қадам жетпей қалды - 3:49.19. Осылайша қос команда да көрсеткен нәтижелерінің арқасында Қазақстанның рекордын жаңартты.
Сонымен қатар құрлықтық бәсекеде тағы екі ұлттық рекорд жаңартылды. Ксения Игнатова 200 метрге кешенді жүзу сайысының іріктеуінде 2:14.94 уақытпен Қазақстан рекордын өз атына жазды. Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзуде тағы бір ұлттық рекордты тіркеді - 2:00.37. Осылайша қазақстандықтар жүзу бәсекесінде жүлдеге іліге алмағанымен, бірнеше рет ел рекордын жаңартты.
Одан бөлек, Артур Миронов, Егор Попов, Ришат Жұмағұлов пен Ғалымжан Балабек Silk Road Tour сериясы әлем кубогының алғашқы екі кезеңінде бақ сынады. Бакудегі алғашқы кезеңде Егор Попов 100 метрге кешенді жүзу жарысында Қазақстан рекордын жаңартты - 54.0 секунд. Ташкенттегі әлем кубогы кезеңінде 400 метрге еркін стильмен жүзу жарысында Ғалымжан Балабек қашықтықты 3:47.13 секундта жүзіп өтіп, ел рекордын өз атына жазды.
Сонымен қатар бұл турнирдің ұлттық құрама үшін маңызы зор. Себебі ол Бейжіңде (Қытай) өтетін қысқа бассейндегі (25 метр) әлем чемпионатына дайындықтың негізгі кезеңі болмақ. Оған қоса, жарыста әлемнің үздік жүзгіштері, соның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері бақ сынайды. Сондықтан жанкүйерлерді тартысты бәсеке күтіп тұр.
Жарысқа қатысатын әлемдік жұлдыздардың қатарында Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой (Аустралия), төрт дүркін Олимпиада жүлдегері Шивон Хоги (Гонконг), командалық эстафетада Олимпиада чемпионы Цинь Хайян (Қытай), Олимпиаданың қола жүлдегері Каспар Корбо (Нидерланд), екі дүркін Олимпиада жүлдегері Карсон Фостер (АҚШ), әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерлері Шейн Касас (АҚШ), Маррит Стенберген (Нидерланд) және Рос Ваноттердейк (Бельгия) бар.
Осылайша Астанадағы дода тартысқа толы болмақ. Бір спортшылар үшін бұл кезекті халықаралық жарыс болса, енді біреулер үшін қысқа бассейнде өтетін әлем біріншілігіне дайындықтың негізгі кезеңіне айналып отыр.
Әлем Кубогы кезеңінде ерлер 17, әйелдер 17 дисциплинада сынға түседі. Сонымен қатар, спортшылар ерлер мен әйелдер және аралас эстафетада жүлделерді сарапқа салады.
Әр жарыс күні іріктеу сайыстары таңертең Астана уақытымен сағат 10:00-де басталса, финалдар кешкі сағат 18:00-де өтеді.
Айта кетейік, жарыстар «Барыс Арена» кешенінде өтеді. Әлем кубогының кезеңі 17 қазанға дейін жалғасады.