Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) пен қазақстандық Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) арасында 17 қыркүйек күні өтетін үшінші кездесуге байланысты пікірін білдірді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
"Головкин мен "Канело" арасындағы үшінші айқас бокстағы ең ауқымды шара болады. Бұл кездесуде барлық жанкүйерлер асыға күтті. Сонымен қатар, бұл жекпе-жекке қатысты алып-қашпа көп әңгіме болды. Міне енді кездесу өтетін болды.
Біріншісінде тең түсіп, екінші айқаста "Канелоның" жеңгенін білеміз. Головкин мен "Канело" дәл қазір бокс әлемінің жарық жұлдыздары. Біз мұны ұзақ күттік. Бұл керемет кездесудің қыркүйек айында өтетініне қуаныштымын. Бізді керемет бокс кеші күтіп тұр", - деп келтіреді президенттің сөзін ESPN Deportes порталы.
Айта кетейік, Головкин мен "Канело" арасындағы жекпе-жек екінші орта салмақта өтеді. Аталған айқаста мексикалықтың барлық белбеуі сарапқа салынады.
Еске салайық, "Канело" соңғы кездесуін 8 мамырда өткізіп, жартылай ауыр салмақта WBA белбеуінің иегері ресейлік Дмитрий Биволдан (20-0, 11 КО) төрешілер шешімімен жеңілді.
Ал Головкин болса сәуір айында жапониялық Риото Муратамен (16-3, 13 КО) кездесіп, нокаутпен жеңіске жетті.