Профи-бокс
21 қыркүйек 2020 16:02

"Түркиялық боксшыға қарсы шығуы мүмкін". WBS "Канелоның" жекпе-жегіне байланысты жаңа шешім шығарды

Сурет: AS.com
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) пен түркиялық Авни Йылдырым (21-2, 12 КО) арасындағы кездестіруді ұйымдастыруға арналған промоутерлік құқықтың сатылу уақытын 6 қазанға дейін шегерді. 

Әуелде бұл бұл кездесуді ұйымдастыруға арналған аукцион уақыты 21 қыркүйекке тағайындалған еді. Бірақ бұл кездесуге жанкүйерлер де, телеарналар да қызығып отырған жоқ. Инсайдер Дэн Рафаэль жазуынша, бұл кездесу әлі де өтуі мүмкін. 

WBC белбеуі ұйымның чемпионы Давид Бенавидес салмақ жасай алмағаннан кейін бос қалып еді. Қазіргі уақытта бұл белбеудің басты үміткері- Йылдырым. Ал Альварес болса, бұл белбеуге таласуға ниет білдірген ең танымал боксшы болды. Сол үшін де ұйымның басшылары бұл кездесуді ұйымдастыруға ниетті болды. 

Бірақ қазір "Канелоның" бұл мәселеге назар аударатын уақыты жоқ. Ол промоутер Оскар Де Ла Хойя мен Golden Boy және DAZN басышларымен ұрысып қалды. Сол үшінде ол 2019 жылдың қараша айынан бері жекпе-жекке шыға алмай отыр. Соңғы рет Сауль ресейлік Сергей Ковалевтен үстем түскен болатын. Бұрнағы күні 208 миллион долларға шағым түсіріп, промоутері мен стримингтік сервиспен келісімшартын бұзбақшы.