Сергей Ковалев үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды

Сергей Ковалев. Сурет: РИА Новости©
WBA және IBF нұсқалары бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы ресейлік Сергей Ковалев АҚШ-та әйелге шабуыл жасағаны үшін үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы TMZ басылымы хабарлап отыр. 

Ковалевті 2018 жылы Калифорния полициясы қамауға алған еді. Ол әйелге шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынған. Бірақ кейіннен босатылды. Шағымды америкалық модель Джейми Фронтц жазған. 

37 жастағы боксшы прокуратурамен келісімге келіп, абақтыға жабылудан аман қалыпты. Ресейлік боксшы төбелеске қатысқанын, Фронтцты балағаттағанын және тәртіпті бұзғанын мойындаған. 

Сондай-ақ Ковалев екі күнге темір торға жабылу деген де жаза алған. Ол жазаны боксшы өтеп тастапты. Одан бөлек, сотқа кеткен шығындар үшін ол 220 мың доллар айыппұл төлеп, ашуын басқару үшін арнайы курстан өтуі керек. 

Негізі модель боксшыдан 650 мың доллар талап етіпті. Оның айтуынша, Ковалев бұл ақшаны да төлеп беруге дайын болған. 

Жалпы Ковалев кәсіпқой бокста 34 кездесуде жеңіске жетіп, 4 рет жеңіліп, 1 рет тең түскен. Соңғы кездесуін ол 2019 жылы мексикалық Сауль "Канело" Альвареске қарсы өткізіп, нокаутпен жеңіліп қалған болатын. 





Метки:
Жаңалықтар