Жартылай ауыр салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Сергей Ковалев (34-4-1, 29 КО) танымал бапкер Абель Санчеспен жұмыс істеген кезі және Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) өткізген спаррингі туралы айтып берді.
"Эгис Климастың кеңесімен Абель Санчестің Big Bear-дегі жаттығу залына бардым. Негізі мұнда баруымның басты себебі Геннадий Головкин болған шығар. Егер Головкин ол жақта болмағанда, мен бармас па едім. Бұл жаттығу залында Генамен спарринг жасап, деңгейім өскенін байқадым.
Санчестің залында жарты жылдай жаттығу жасадым. Сөйтіп бас бапкердің біліксіз екенін байқадым. Бірақ спарринг мен үшін маңызды болды. Сол үшін де онда ұзақ қалдым.
Бірнеше ай өткеннен кейін бапкердің маған берген жаттығулары керек болмайтынын түсіндім. Тіпті шаршап кеттім. Ол негізі құрылысшы ғой. Үй салумен айналысады", - деді Ковалев Fightnews.info басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, мамыр айында Ковалев допинг дауынан кейін карьерасын жаңғыртқанын мәлімдеді. Қаңтарда ол өзбекстандық Бектеммир Меликузиевпен жекпе-жек өткізуі керек еді. Бірақ допинг сынағынан өте алмай қалды.