Қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиевтің (13-2, 5 КО) кәсіпқой бокстағы келесі қарсыласы анықталды. Сондай-ақ, жекпе-жектің қашан және қайда өтетіні белгілі, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
The Ring ақпараты бойынша, Мәдиев келесі кездесуін Сан-Антонио (Техас штаты, АҚШ) қаласында болатын бокс кешінде өткізеді. Оның қарсыласы "Матадор" деген лақап аты бар мексикалық Луис Эрнандес (21-1, 19 KO) болады. Жартылай орта салмақтағы аталған айқас он раундқа жоспарланған.
Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде әлемнің бұрынғы чемпионы мексикалық Хильберто Рамирес (42-0, 28 KO) кубалық Юниески Гонсалеспен (21-3, 17 KO) қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, Мәдиевтің кездесулерін Golden Boy Promotions компаниясы ұйымдастырады. Соңғы кездесуін қазақстандық боксшы наурыз айында Пуэрто-Рикода өткізіп, төрешілердің шешімімен Даниэлито Зоррильеден (16-0, 12 КО) үстем түсті.
Эрнандес болса наурыз айында АҚШ жерінде америкалық Алекс Мартинмен (17-3, 6 КО) жолығып, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.