Промоутерлік компания Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасады

©Suleimen Promotions

Қазақстандық Suleimen Promotions промоутерлік компаниясы екінші орта салмақта өнер көрсететін Айдос Ербосынұлының (16-1, 11 КО) денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Еске салайық, Ербосынұлын кубалық Давид Моррелге (8-0, 7 КО) қарсы кездесуден кейін рингтен зембілмен алып кеткен болатын. Кейін оны Хеннепин (Миннесота штаты, АҚШ) аймағындағы медициналық орталыққа алып кеткен. Сосын оның миына қан кеткені анықталған. 

"Suleimen Promotions компаниясының барлық ұжымы Айдос Ербосынұлының жағдайына алаңдаулы және денсаулығына күнделікті бақылау жасауда. Біздің қайтпас қайсар батырымыз біз үшін кәсіпқой бокстағы "ең үздік" болып қала бермек.

Қазір Айдос Минеаполис қаласындағы үздік клиникалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлердің сөзінше, жағдайы бірқалыпты, біз оның денсаулығы жақсаратынына сенімдіміз.

Спортшымыздың емделуіне жұмсалатын барлық шығындарды компания өз мойнына алды. Сондай-ақ, Айдостың жауынгерлік рухын көтеру мен өзін жақсырақ сезінуі мақсатында Қазақстандағы жақындарын АҚШ-қа алтыртуды Suleimen Promotions ұйымы өз жауапкершілігіне алды.

Әрине, спорттың қай түрінде де, соның ішінде кәсіпқой бокста жарақат алу қаупі жоғары. Алайда біз кез-келген жағдайда Айдос Ербосынұлының денсаулығы қалпына келуі үшін барлық көмекті көрсететін боламыз", - делінген промоутерлік компания таратқан ақпаратта. 

Айта кетейік, бүгін Ербосынұлына операция жасалғаны туралы ақпарат шықты. Ота боксшымызға жексенбі күні кешке жасалған. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар