"Орта салмақтың патшасын анықтайық". Промоутер Головкинге тағы бір қарсылас ұсынды

Геннадий Головкин. Сурет: DAZN©
Жуырда ғана орта салмақтың WBA белбеуінің уақытша чемпионы Крис Юбенкпен жұмыс істей бастаған германиялық промоутер Калле Зауэрланд британдық боксшы мен орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) кездесу ұйымдастыруға кірісіпті. Бұл туралы Boxingnews24.com хабарлап отыр. 

"Біздің басты мақсатымыз - Головкинмен кездесу өткізу. Бұл кездесуді орта салмақта өткізіп, дивизионның патшасын анықтайық. Жұрттар Головкиннің қартайып қалғанын айтып, сынап жатыр. Бірақ желтоқсан айында болған кездесуде мен кәрі Головкинді көрмедім. Шынын айту керек, ол соңғы он жылда орта салмақтың ең үздік боксшысы. 

GGG - аңыз боксшы. Юбенк пен Головкин арасындағы кездесу Ұлыбританияда немесе АҚШ-та өтуі мүмкін. Бұл бір керемет кездесу болатын еді. Егер Юбенкпен келіспесе, Лиам Уильямсқа қарсы айқасты ұйымдастыруға болады", - деді ол. 

Айта кетейік, Юбенк пен Головкин 2016 жылы Лондонда кездесуі мүмкін еді. Бірақ ол кезде британдық боксшы келіссөздерді үзіп жіберді. Сөйтіп қазақстандық боксшы Келл Брукпен (37-2, 25 КО) кездесіп, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. 

Қазіргі уақытта Головкин мексикалық Хайме Мунгия (36-0, 29 KO) деген боксшымен кездесу өткізу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Олардың жекпе-жегі мамыр айында өтуі мүмкін. 







Метки:
Жаңалықтар