Профи-бокс
22 қазан 2020 13:37

"Оны қатты құрметтеймін". 28 кездесуін нокаутпен жеңген боксшы Головкинмен жекпе-жек өткізуге ниетті

Хайме Мунгия. Сурет: GBP©
Бірінші орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы мексикалық Хайме Мунгия (35-0, 28 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен (40-1-1, 35 КО) орта салмақта IBF және IBО белбеулері үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты. 

"Иә, бұл кездесу мен үшін керемет мүмкіндік болатын еді. Біз командамызбен ақылдаса келе, мұндай нартәуекелге баруға болатынын шештік. Жыл өткен сайын Головкин күшін жоғалтып жатыр. Бірақ мен оны әлсіз дегім келмейді. Ол мықты боксшы. Мұндай жасында ол әлемдегі ең үздіктердің қатарында. Мен оны қатты құрметтеймін. Тіпті үлгі тұтатымын", - деді Мунгия FightHype басылымына берген сұқбатында. 

Айта кетейік, Головкиннің келесі кездесуі қараша айында АҚШ жерінде өтуі керек. Оның қарсыласы польшалық Камил Шеремета болады. Ол отандасымыздың IBF белбеуіне міндетті қарсылас. 

Ал жуырда орта салмақта ауысқан Мунгия болса 30 қазан күні Туреано Джонсонға қарсы кездесу өткізеді.