Нұрсұлтан Назарбаев Головкинді жеңісімен құттықтады

Сурет: akorda.kz.
Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді (41-1-1, 36 КО) IBF және IBO белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады,- деп жазады Vesti.kz порталы. 

Отандасымыз 19-желтоқсан күні АҚШ-та польшалық Камил Шереметамен (21-1, 5 КО) кездесіп, жеңіске жетті. Жекпе-жек барысында польшалық боксшы төрт рет нокдаун алып қалды. Ал жетінші раундтан кейін ол айқасты жалғастырудан бас тартты. 

"Осы жеңіс арқылы сен өз дивизионыңда 21-ші рет әлем чемпионы атанып, қазақстандық және әлемдік бокс тарихы жылнамасының жаңа парағын аштың. Бұл барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік күніне орай тамаша сый болды деп ойлаймын.

Біз сенің спорттағы жарқын жетістіктеріңді, мықты рухыңды және жеңіске деген жігеріңді мақтан етеміз. Сенің жеңімпаз ретінде өз жолыңды жалғастыратыныңа сенімдімін және сенің жетістіктеріңе әлі талай сүйсінетін боламыз," - деді Елбасы. 

Сондай-ақ Головкинді Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев та құттықтады. 

"Бүгінгі жекпе-жек тек сізге ғана емес, кәсіпқой бокс әлемі үшін өте маңызды, әрі ерекше. Сіз чемпиондық атақты 21-ші рет қорғаған тұңғыш әрі жалғыз боксшы атандыңыз. Бұл бір емес, бірнеше ұрпақтың ұмтылатын жетістігі болмақ. Біз үшін кезекті мақтаныш сезімін сезінудің таптырмас сәті.  Осындай тарихи оқиғаға куә болып отырғанымызды мойындаймыз. Керемет жекпе-жек, жойқын соққы, тыңғылықты, әрі нақты жұмыс пен сенімді жеңіс – дәл осыны біз Сізден күттік.  Шаршы алаңға сәтті оралуыңызбен құттықтаймын! Атақты қорғау рекорды ұлғая берсін! Жаңа жеңістер, денсаулық пен сәттілік тілеймін" - делінген Оlympic.kz порталында шыққан жеделхатта. 



Метки:
Жаңалықтар