Профи-бокс
30 қараша 2017 16:39
 
"Мықты атану үшін - мықтыны жеңу керек" - Айдар Шәрібаев

  Пікірлер

blog.share

"Мықты атану үшін - мықтыны жеңу керек" - Айдар Шәрібаев @Ернар Алмабек

Бүгінде мұхит асып, құрлық басып кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген боксшыларымыз аз емес. Күн санап саны артып келеді. Мұны көріп қазақтың қайсар ұлдары әуесқой бокс шаршы алаңдарында ғана әлемді мойындатпай, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатуға бел буғанын байқауға болады.

Жетістікке жетіп, күрзі жұдырығының күшімен күллі әлемге танылып үлгергендері де баршылық. Шүкір дейміз. Қазақ боксының абыройын асырып, чемпион атансам деп еңбектеніп жүргендерін де көзіміз көріп жүр. Тәубе. Жаңа ғана кәсіпқой бокс табалдырығын аттап, таңдай қақтырып жүрген жастарымыз бар. Жетістік тілейміз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері кәсіпқой боксшы болмақ. Ол – Айдар Шәрібаев.

Айдар Шәрібаев әуесқой бокстан 4 дүркін Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері (2008, 2009, 2010, 2011). Жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің чемпионы (2006). Бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Жастар спартакиадасының жеңімпазы (2005). Студенттер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері.

16 жасында-ақ әуесқой бокстың шаршы алаңында шиыршық атқан Шәрібаевтың шеберлігіне талайлар таңдай қақты. Айдардың алар асуы алда деп болжағандар көп еді. Алайда әлем және олимп шыңын бағындырсам деген боксшының арманы желге ұшты. Бірде бабы келмеді. Енді бірде бағы жанбады… Мұны боксшы түрлі себептермен түсіндіреді.

– Әуесқой бокс – командалық жүйе. Жетістігім аз деп айта алмаймын. Жастар арасында ел чемпионы, ересектер арасында 4 рет жүлдегерлер қатарынан көріндім. Ол кезде менің салмағымда Мерей Ақшалов, Алмазбек Әлібеков, Әділет Егізеков деген секілді мықты жігіттер болды. Әуесқой бокста бабың ғана емес, бағың да бес елі болу керек шығар. Біреуі мықты, біреуі әлсіз деуге келмейді. Ол кезде бағы жанған жігіттердің бағы жанды...

Спортшы үшін мансабында қиын бір кезеңдер болады. Айдар үшін де ұлттық құрама сапына толыққанды іліге алмауы соққы болғаны анық. Мұны боксшының өзі де жасырмайды.

– Жас болдық. Әрбір сәтсіздікті, әрбір жаңалықты жүрекке жақын қабылдайтынмын. Біршама жарыстардан қалып қойдым. Бағымызға жазылмаған шығар. Ренжитін сәттер болды. Әрине, өзіме ренжимін. Ұлттық құрама сапына ілікпесем де, онда алған тәжірибем мен тәрбием мол. Командалық рухты сезіндік. Мырзағали Айтжанов, Нұрғали Сафиуллин сынды жаттықтырушылардан сабақ алдым.

Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысарда екі жыл бокстан қол үзіп қалдым. Ол кезде де өмірдің бір сынақтарына кез келдік.

Айдар ересектер арасындағы ел чемпионатында жүлделі орыннан көрінгенмен, жеңімпаз атанбады. Ал биыл Шымкентте өткен жарыста кәсіпқой боксқа ауысып, бірнеше жекпе-жек өткізген боксшыларымыз да қатысты. Бір қарағанда жанкүйерлер үшін кәсіпқой боксшы әуесқой бокста атой салатындай көрінеді. Риода өткен Олимпиада ойындарына бірнеше кәсіпқой боксшы қатысқанын да білеміз. Ішінде атақтысы – камерундық Хассан Ндам Нджикам еді. Жүлде түгіл, екінші кезеңіне де шыға алмады. Биылғы Қазақстан чемпионатында да кәсіпқой боксқа ауысқан боксшыларымыз қатысқанмен, жүлделі орыннан көрінгенін байқамадық. Ал Айдар Шәрібаевтың ел чемпионатына қатысуға ойы бар ма екенін сұраған едік.

– Мен кәсіпқой боксты біржола таңдадым. Қатысу туралы ереже болғанмен, екі бокс түрінің арасы жер мен көктей. Кәсіпқой боксшы әуесқой боксшылар турниріне қатысса, жай жүріп өту деген – қате түсінік. Бәйгенің өзінде тұлпарды алыс қашықтыққа бөлек, жақын қашықтыққа бөлек баптайды. Тағы бір теңеумен айтсақ, дәстүрлі әнші мен эстрада әншісі секілді. Екеуі де ән айтқанмен, тыңдарманы бөлек. Мүмкін әуесқойда жүрген боксшыларға алғашында кәсіпқой боксқа шығу оңай шығар. Себебі алғаш бастағанда 4-5 раундтан жұдырықтасады.

Қазір мен 10 раундқа дейінгі жекпе-жектерге шығып жүрмін. Әуесқой боксқа қатыссам енді денем қызып та үлгермейді. Оталып үлгергенімізше, уақыт өтіп кетуі мүмкін. Өйткені біздің ағзамыз, дайындығымыз бен жүйеміз кәсіпқой боксқа бейімделіп қалды. Оның үстіне бокс қолғаптарында да айырмашылықтар бар.

Айдар Шәрібаев бүгінде әуесқойдан кәсіпқой боксқа ауысып жатқан жастар үшін шын қуанышты. Себебі...

– Біз әуесқой бокстағы жетістіктерімізбен ғана мақтанып қоймай, кәсіпқой бокста да биік белестерді бағындыратын кезіміз келді. Салыстырмалы түрде айтсақ, украин боксшыларынан бір Олимпиадада үш-төрт чемпионнан шыққан кездер болды. Қазір кәсіпқой бокста Усик, Ломаченко, Гвоздик секілді боксшылары чемпион атануда. Біз де осыған ұмтыла түсуіміз керек.

Отандасымыз бүгінге дейін кәсіпқой бокста 7 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бір кездесуінде мексикалық боксшы Габино Готамен жұдырықтасқан. Бүгінде мексикалық бокс стилі, қазақ боксы стилі деген секілді терминдер ауық-ауық айтылып тұрады. Осы жайында да Айдардан сұраған едік.

– Мексикалық бокс стилі бұл – төбелеске ұқсайды. Дәл көше төбелесіне. Ал қазақтар әу бастан-ақ ақылмен, айламен жұдырықтасқан. Алысқа бармай-ақ Геннадий Головкинді алайық. Мексикалық стилі де, қазақ боксынан үйренген ақылы мен айласы да бар.

Қазақ боксы мексикалық стилден жоғары. Біз енді ғана кәсіпқойға қадам басып, дәлелдей бастадық. Мексикалықтардың кәсіпқой бокста жүрген спортшылары көп. Жұдырықтасып жатқанда баспен ұруға да құмар. Бір шетінен дүние табудың бір жолы да. Маған дүние керек емес деген адамды өтірікші, не жынды дейді ғой. Сондықтан да олар үшін кәсіпқой бокс – бизнес те.

Кәсіпқой бокста жекпе-жектер ұйымдастыру да оңай емес. Бұл тұста промоутерлік компанияның атқаратын қызметі де орасан. Осы орайда Айдардан қолдаушылары мен промоутерлік компаниясы жайлы біле кеттік.

– Мен Diamondring промоутерлік орталығының қолдауымен кәсіпқой бокста жекпе-жектер өткізіп жүрмін. Орталығы Астана қаласында орналасқан. Лашын Аймағанбетов есімді ағамыздың қолдауымен ашылған. Ол кісі америкалық промоутерлік орталықтармен араласа жүріп, сол жақтағы кәсіпқой бокстың қыр-сырын меңгерген маман. Әйтпесе АҚШ-та жекпе-жек өткізу өте қиын. Қазір бізде ынтымағы жарасқан команда бар. Бұл промоутерлік орталықтың алар асуы әлі алда деп білемін.

Айдардың алдағы арманы айрықша. Арман емес-ау, мақсат тұтып отыр. Жыл соңына дейін бір жекпе-жек өткізіп үлгермесе де, келер жылдан күтер үміт көп.

– Жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізсем жақсы еді. Бірақ соңғы жекпе-жегіме 4 ай дайындалдым. Қарсыласым бірнеше рет ауысты. Бұл маған психологиялық соққы да болды. Сол себепті жыл соңына дейін жекпе-жек өткізу жоспарда жоқ. Ал келер жылы ақпан айының басында Нью-Йоркте жекпе-жек өткізіп қалуым мүмкін. Бір айдан кейін АҚШ-қа аттанып, дайындықты бастаймын.

Менің салмағымда қазір әлемде 2020 боксшы бар. Оның ішінде boxrec рейтингінде 103-орында тұрмын. Бұл мен үшін жетістік. Америкада мамандар 7 жекпе-жекпен осындай орынға көтерілгенімді жоғары бағалайды. Енді мұның бір кем тұсы – қарсылас табу қиын. Көп қаржы сұрайды. Бір жақсысы – әлем чемпионы деген атаққа таласуға мүмкіндік болады.

Алда салмақ тастап жұдырықтасамын деп жоспарлап отырмын. Ол салмақта Василий Ломаченко бар. Осы украиналық боксшымен жұдырықтасу жоспарда бар. Мықты атану үшін – мықтыны жеңу керек.

Иә, кәсіпқой бокста Айдардың айдарынан жел есе берсін дейміз. Жеті жекпе-жекте-ақ осындай жетістікке жете білген отандасымыздан зор үміт күтеміз. Жеңісті жекпе-жектерімен қазақ елін қуанта бергей!

Жарнама

Живи спортом!