Британдық боксшы кіші Крис Юбенк (31-2, 23 КО) пен отандасы Лиам Уильямс (23-3-1, 18 КО) жыл соңына дейін бір-бірімен кездесетін мүмкіндік алады, деп жазады Sky Sports. Содан соң Юбенктің орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 KO) жолығатын мүмкіндігі туады.
Юбенктің айтуынша, жыл соңына дейін ол міндетті түрде Уильямспен айқас өткізеді. Сөйтіп бұрыннан келе жатқан өзара дауға нүкте қояды.
"Бұл кездесуді өткізгіміз келеді. Екі боксшы да бірнеше жылдан бері жауласып жүр. Юбенк үшін маңызды айқас болмақ. Себебі ол алдағы кездесуде жеңіске жетсе, Головкинмен жұдырықтасуға мүмкіндік алады", - деді боксшының промоутері Бен Шалом.
Юбенктің басты мақсаты Головкинмен кездесу. Ол қазақстандық боксшыны жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізуге ниетті екен.
"Келіссөздер басталды. Головкиннің командасымен байланыс орнатылды. Олар да Юбенкпен кездескісі келеді. Біз бұл кездесуді мамырға жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді промоутер.
Еске салайық, Юбенк Головкинмен 2016 жылы кездесуі керек еді. Бірақ ол кезде британдық боксшының кесірінен жекпе-жек өтпей қалды.
Енді Головкин шаршы алаңға желтоқсан айында оралады деп күтілуде. Ол орта салмақта WBA ұйымының "суперчемпионы" жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) кездеседі.