Профи-бокс
24 тамыз 2021 12:07

Қазақстандық боксшы "Канело" Альварестің міндетті қарсыласы болуы мүмкін

©facebook.com/NoLimitBoxingPromotions

Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) осы салмақта WBC, WBA Super және WBO белбеулерінің иегері мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (56-1-2, 38 КО) жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алуы ықтимал, деп жазады Vesti.kz порталы. 

Мұндай мүмкіндікке отандасымыз WBA ұйымы мексикалыққа белбеуін міндетті түрде қорғауы керегі туралы талап қойса ие болады. Бірақ оған дейін "Канело" қараша айында әлемнің абсолют чемпионы атану үшін IBF белбеуінің иегері Калеб Плантпен (21-0, 12 КО) кездесу өткізеді. 

Ал Ербосынұлы Саульге қарсы кездесуге шығу үшін Аллен Ленноксты (22-1-1, 14 КО) жеңуі қажет. Бұл кездесу 12 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған кездесуде WBA белбеуінің міндетті қарсыласы атағы сарапқа салынады. 

"Егер WBA ұйымы "Канело" мен Плант кездесуінің жеңімпазына белбеуді міндетті түрде қорғауы керек деген талап қойса, онда қарсыласы Давид Моррелл, Федор Чудинов немесе Айдос Ербосынұлының бірі болуы мүмкін. WBC белбеуінің міндетті қарсыласы Давид Бенавидес, Ал IBF белбеуінің міндетті қарсыласы Евгений Шведенко", - деп жазады Boxing News. 

Айта кетейік, қазақстандық боксшы IBF белбеуінің чемпионына міндетті қарсылас атануға мүмкіндік беретін кездесуге шығуы керек еді. Оның қарсыласы Евгений Шведенко (15-0, 6 КО) болған. Ал жекпе-жек 17 сәуірде Карлсруэде (Германия) өтуі керек тұғын. Алайда кездесуге бір апта қалғанда қазақстандық боксшы Сovid-19 вирусын жұқтырып алды. 

Сөйтіп, Шведенко екінші бір ресейлік боксшы Владимир Шишкинмен (12-0, 7 КО) кездесу өткізуге келісті. Бұл айқас тамыз айында өтеді. 

Ербосынұлы болса соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, ганалық Исса Самирді (19-1, 16 КО) жеңді. Бұл кездесуде ол BC Asia, WBA International және WBO Global белбеулерін қорғап қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport