Қарсыласын нокаутпен жеңген "Астана арландарының" бұрынғы боксшысы чемпиондық белбеуін қорғап қалды

©ringside24.com

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) елордалық "Астана арландары" командасының намысын қорғаған хорватиялық Филип Хрговия (13-11-0) кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін 29 жастағы боксшы өзінің соңғы кездесуін Австрияның Клагенфурт қаласында өткізіп, черногориялық Марко Радоничтен (22-0-1) үстем түсті. Жекпе-жек төртінші раундтың басында тоқтатылды. Негізі төреші айқасты ерте тоқтатуына да болатын еді. Екінші раунда 31 жастағы Радонич төрт рет нокдаунға түсті. Алайда төреші бәрібір кездесуді жалғастыра берді. Сөйтіп, үшінші раундта қарсылас тағы бір нокдауннан кейін төртінші раундқа шықпады. 

Осылайша, Хргович кәсіпқой бокстағы 13 жеңісіне қол жеткізді. Хорват 11 кездесуде қарсыласын нокаутпен жеңген. Тағы бір айта кететін дүние, бұл кездесуде Хргович IBF International белбеуін қорғап қалды. 

Еске салайық, Хргович "Астана арландарымен" бірге Бүкіләлемдік бокс сериясында екі рет топ жарды. Сонымен қатар, ол елордалық команда сапында жүріп 2016 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алып, Рио төрінен қола жүлде еншілеп қайтты.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар