"Қарсылас ауысқанын кеше білдім". Жеңілмеген қазақ боксшысы алдағы кездесу туралы пікірін айтты

Сурет боксшының әлеуметтік желісінен алынды.

Бірінші ауыр салмақтағы 26 жастағы қазақстандық боксшы Серік Мұсаділов 9-0, 9 КО) Vesti.kz порталына берген сұқбатында 9 шілде күні Майами (Флорида штаты, АҚШ) қаласында өтетін кездесуіне дайындығы туралы айтып берді. Сондай-ақ ол алдағы жоспары мен кәсіпқой бокстағы Қазақстанның қай боксшысы мықты екені туралы ой бөлісті. 

Әу баста Мұсаділов негізі 45 жастағы америкалық Руэл Уильямс (8-1, 3 КО) деген боксшыға  қарсы шығуы керек болатын. Бірақ қарсылас ауысты. Енлі ол 30 жастағы Ламонт Кэйперспен кездеседі. Мұсаділовтің келесі келесі кездесуі сегіз раундқа жоспарланған. Бұл жекпе-жекте NABA белбеуі сарапқа салынады. 

- Алдағы кездесудегі қарсылас ауысып кетті. Мен оны кеше ғана білдім. Енді кездесуге дейін зерттеп аламын. Жалпы дайындық жақсы, - деп бастады әңгімесін Мұсаділов. 

- Қай қарсыласыңыз қиынырақ болған еді?

- Ешқайсысын бөліп жарып айта алмаймын. Өйткені, кез-келген қарсыластың мықты және осал тұстары болады. 

- Сіз WBA рейтингінде үздік 15 боксшының қатарындасыз. Қазір сізді жанкүйерлер танып жатады ма?

- Иә. Жанкүйерлер таниды. Қолдайды. Көрермендердің қолдауы сезіледі. 

- Чемпиондық жекпе-жекке қашан шығамын деген ойыңыз бар?

- Чемпиондық туралы әлі айту ертерек шығар. Барлығы уақытымен ғой. Қазір мен командаммен ақырындап алға қарай ұмтылып келеміз. Жалпы алда мен WBC чемпионы Майрис Бриедиспен кездесім келеді. 

- Кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық боксшылардың ішінен кімнің шоқтығы биік деп ойлайсыз?

- Мен үш боксшыны ерекше атап кеткім келеді. Олар - Али Ахмедов, Жан Кособуцкий және Садриддин Ахмедов. 

- Енді қысқаша жоспарыңыз туралы айтып берсеңіз ...

- Кез-келген спортшы чемпион болғысы келеді ғой. Менің де жоспарым сол чемпион болу. 

Айта кетейік, Мұсаділов кәсіпқой бокста 2017 жылы ауысып, Мексика жерінде бес кездесу өткізді. Кейін ол үш жыл жекпе-жекке шықпады. Содан соң АҚШ жерінде үш рет айқас өткізді. Соңғы рет ол 22 мамаырда Кевин Браунға қарсы шығып, жеңіске жетті. Қазіргі уақытта ол WBA рейтингінде 12 орында тұр. 

 

Метки:
Жаңалықтар