Профи-бокс
3 шілде 2019 10:46

"Канело" жарақат алса да жұдырықтаса ма?

boxingscene.com
Танымал мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) жарақаты болса да қыркүйек айында өткізетін жекпе-жегін кейінге шегермейді. Бұл жайында журналист
Майк Коппинджерге боксшының промоутері Эрик Гомес айтқан.

"Канелоның" жарақат алғаны жайлы осыған дейін танымал промоутер Боб Арум хабарлаған. Оның 14 қыркүйек күні өткізетін жекпе-жегі желтоқсан айына ауыстырылуы мүмкін екенін де тілге тиек еткен. Тіпті интернетте боксшының балдақ сүйеніп тұрған суреті де тараған болатын.

Эрик Гомес "Канело" жарақат алса да, жекпе-жекке шығатынына сенімді. Себебі боксшы қатты жарақат алмаған. Сол аяғының тізесін ауырсынып жүр екен. Ота жасатпайтын көрінеді. Ал жекпе-жек Лас-Вегаста, болмаса Техаста өтуі мүмкін.




Golden Boy Альварестің алдағы жекпе-жегіне қарсылас тапқан жоқ. Жартылай ауыр салмақта WBO чемпионы Сергей Ковалевқа (33-3-1, 28 КО) ұсыныс жасап көрген. Алайда ресейлік боксшы аз гонорар үшін жұдырықтасудан бас тартқан.

"Канело" отандасымыз Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға асығар емес. Оған себеп көп. GGG - осал қарсылас емес. Жарақаты болса, тіпті... Сондай-ақ өзімен жұдырықтасып, Гена көбірек қаржыға кенелгенін қаламайды да. Екі боксшы промоутерлері арасындағы келіссөздер алға басып жатқан жоқ. Тағы бір себеп - Головкин мексикалық боксшымен Лас-Вегаста қайта жұдырықтасқысы келмейді.

Геннадий Головкин де Golden Boy  жауабын күтіп, қол қусырып отырған жоқ. Отандасымыз Альварес болмаса, орта салмақта WBO чемпионы Хайме Мунгиямен (33-0, 26 КО) жұдырықтасуға ниетті. Бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға қос тарап та кетәрі емес. Бірақ... Бұл боксшымен "Канелоның" командасы да келіссөз жүргізуді бастаған. Ресми хабарларын күтеміз...