Жеңілмеген қазақстандық келесі кездесуін 47 жекпе-жек өткізген боксшыға қарсы өткізеді

Фото: MTK Kazakhstan
Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Виктор Коточигов (11-0, 4 КО) келесі кездесуін 23 тамыз күні Алматы қаласында өтетін боксшы кешінде өткізеді, деп хабарлайды MTK Kazakhstan. 

Отандасымыздың қарсыласы Беларусь боксшысы Андрей Исаев болады. Ол жалпы кәсіпқой бокста 47 кездесу өткізіп, оның 30 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, 17 кездесуде жеңіліп қалған. Исаев соңғы айқасын 1 тамыз күні өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша украиналық Олег Малиновскийден жеңіліп қалған. 

Коточигов болса соңғы рет шаршы алаңға 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында шығып, төрешілер шығарған шешіммен аргентиналық Хавьер Хосе Клаверодан айласын асырды. Бұл кездесуде ол жеңіл салмақта WBC International беубеуін қорғап қалды. 

Айта кетейік, Алматы қаласында өтетін бұл бокс кешінде әуесқой бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы Иса Акбербаев болады. 

Сондай-ақ бұл жекпе-жек кешіне 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет пен жастар арасындағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен де шаршы алаңға шығады. 




Метки:
Жаңалықтар