Танымал қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (26-0, 19 КО) IBO титулы үшін жұдырықтасады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі "Movida promotions" промоушнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жанқош Тұраров Луис Энрике Ромероны жеңгеннен кейін IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке шығады. "Movida promotions" компаниясының басшысы Әлімжан Қалдияров келіссөздерді бастап кетті. Титулдық жекпе-жек 18 наурызда Алматыда өтуі мүмкін", - деп хабарлады ұйым.
Айта кетейік, 11 желтоқсанда Жанқош Тұраров венесуэлалық Луис Энрике Ромероны (11-6-1, 7 КО) нокаутпен жеңіп, жартылай орта салмақтағы IBO Inter-Continental белбеуін жеңіп алған болатын.