WBA тұжырымы бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы америкалық Роб Брант (26-2, 18 КО) орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) үшін қиын қарсылас болады. Мұндай пікірді Vesti.kz сайтына Delcotimes.com порталының тілшісі Джек МакКаферри айтты. Маман қарсыластың қиын екенін, бірақ, бұл кездесуде жеңіске жетсе Жәнібек жаңа белестерді бағындыра алатыны туралы ойымен бөлісті.
Айта кетейік, бұған дейін Әлімханұлы мен Брант арасындағы айқас маусым айында Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) жерінде өтеді деген ақпарат шыққан болатын.
"Роб Брант - орта салмақтағы мықты боксшылардың бірі. Ол әлем чемпионы белбеуінің иегері болған. Әрине, ол Головкин, Андраде немесе Чарлоның деңгейіндегі боксшы емес. Десе де Брант бұл кездесуде көпшілікті таңғалдыра алады. Менің білуімше, олар Муратамен үшінші кездесу туралы келіссөз жүргізген еді. Бірақ менеджерлермен қиындықтар туындаған. Соңғы айларын ол сотта өткізді. Бірақ ол әлі де мықты боксшылардың қатарында. Жәнібекті жеңуге шамасы жетеді. Әлімханұлының әлі тәжірибесі аз. Сондықтан қиын кездесу болады", - деді маман.
Брант 2018 жылы Риото Муратамен (14-2, 10 КО) кездесіп, жеңіске жетті. Бұл айқаста америкалық WBA белбеуін жеңіп алды. Дегенмен бір айдан кейін Мурата екінші кездесуде Робты нокаутқа түсіріп, белбеуін қайтарып алды. Соңғы рет Брант өткен жылы тамызда украиналық Виталий Копиленкоға (28-3, 16 КО) қарсы өткізіп, жеңіске жетті.
Ал Жәнібек болса 27 ақпан күні Алматыда жұдырықтасу керек еді. Бірақ жарақатына байланысты кездесуден бас тартты. Соңғы кездесуін Әлімханұлы өткен жылы қазанда өткізіп, аргентиналық Гонсала Корияны нокаутпен жеңді.