Профи-бокс
13 қаңтар 2021 15:11

Иван Дычко кәсіпқой бокста екі айда екі жекпе-жек өткізуге ниетті

Иван Дычко. Сурет: The Heavyweight Factory©

Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Иван Дычко (9-0, 9 КО) алдағы екі айда екі кездесу өткізуге ниетті. Ол жалпы шаршы алаңға шықпағанына бір жарым жыл болды. Бұл туралы аса ауыр салмақта өнер көрсететін боксшының менеджері Зия Алиев Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында айтып берді. 

30 жастағы отандасымыз соңғы рет 2019 жылдың шілдесінде шаршы алаңға шыққан болатын. Жақын арада ол АҚШ-барып, жаттығуға кіріседі екен. 

- Біз екі датаны қарастырып отырмыз. Ақпан және наурыз айларында. Иван екі бокс кешінде де өнер көрсететін шығар. Бірінші кездесуде Дычко денесін қыздырып алу керек. Себебі, оның шаршы алаңға шықпағанына біраз уақыт болды. 19-қаңтар күні Иван АҚШ-қа келіп, жаттығуға кіріседі. 

- Ал екінші кездесудің өтетін жері белгілі ме? 

- Бірінші шоу Майамиде болады. Ал наурыз айына жоспарланып отырған кештің өтетін жері әзірге белгісіз. Ол кеш Техас немесе Аризонада өтетін шығар. 

Айта кетейік, жуырда Дычкоға бірнеше мықты деген промоутерлік компаниялар ұсыныспен шыққан болатын. Отандасымыз жаңа промоутерімен ақпандағы кездесуінен кейін келісімшарт жасауы мүмкін.