Профи-бокс
9 қыркүйек 2020 18:48

IBF белбеуі үшін. 13 қарсыласын нокаутпен жеңген қазақстандық боксшы чемпиондық белбеуге таласатын болды

Жан Кособуцкий. Фото: flickr.com/leifpm©

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жан Кособуцкий (14-0, 13 КО) Гамбург қаласында екі бірдей чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді,- деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Отандасымыз бұл кездесуде өзіне тиесілі IBO Inter-Continental белбеуін қорғап, IBF белбеуінің Еуропа құрлығы чемпиондық атағына таласады. 

Бұл кәсіпқой бокс кеші 17 қазанға жоспарланып отыр. Ал Кособуцкидің жекпе-жегі он раунд болатын шығар. Осылайша 31 жастағы қазақстандық боксшы карьерасында үшінші рет он раундтық кездесу өткізеді. Бұған дейінгі он раундық екі кездесуде ол қарсыластарын нокаутқа түсірген. 

Кособуцкийдің қарсыласы бельгиялық Джоэль Тамбу Джеко (17-2-1, 8 КО) болып қалуы ықтимал. Ол жекпе-жектерінің көбін Бельгия жерінде өткізген. Бірақ Джоэль карьерасын Мароккода бастаған. Қазіргі уақытта Ұлыбританияда тұрып, сол жақта жаттығу жасайды екен. 

Жан 2019 жылдың қараша айында Гамбург қаласында өткен кездесуде хорват Агрон Смакичиді (15-1, 13 КО) жеңіп, IBO Inter-Continental белбеуін жеңіп алған. 2020 жылы ол екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Сөйтіп боксшымыз WBC рейтингіне кірген болатын.