Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-1-1, 37 КО) бапкері Джонатан Бэнкс мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (57-2-2, 39 КО) өтетін кездесу туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Allboxing.ru порталы.
Трилогия 17 қыркүйек күні Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласындағы T-Mobile Arena спорт кешенінде болады. Жекпе-жек екінші орта салмақта өтеді.
"Нағыз айқас болайын деп тұр. Егер екі боксшы да ашық айқасатын болса, бокс тарихындағы ең мықты трилогия болады. Геннадий Головкин жүз пайыз дайын болады. Егер Головкин өзін екінші орта салмақта ыңғайлы сезінбесе, жекпе-жекке келіспейтін еді. Екеуі де тас-түйін дайын екенін көріп тұрмын. Енді олар бар білгенін шаршы алаңда көрсетеді", - деді Бэнкс.
Еске салайық, Бэнкс 2019 жылдың мамыр айынан бері Головкинмен жұмыс істеп келеді. Оған дейін қазақстандық Абель Санчестің қол астында дайындалды.