Головкин емес! Мунгияның келесі қарсыласы кім болатыны айтылды

Хайме Мунгия. Сурет: DAZN©

Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы 19 маусым күні Эль-Пасо (Техас штаты, АҚШ) қаласында бокс  кеші өтетінін ресми хабарлады. 

Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Хайме Мунгия (36-0-0, 29 KO) шығады. Оның қарасыласы орта салмақта әлем чемпионы атағына үміткер болған польшалық Мацей Сулецки (29-2-0, 11 KO) болады. 

Негізі бұл кездесу 20 сәуір күні өтуі керек болған екен. Бірақ польшалықтың жарақатына байланысты кейінге шегерілген. 

Промоутерлік компания Сулецкидің орнына америкалық Деметриус Баллардты шығаруға тырысты. Алайда кездесуге бір апта қалғанда ол да жарақат алып қалыпты. 

Айта кетейік, Сулецки 2019 жылдың маусым айында америкалық Деметриус Андрадеге (29-0-0, 18 KO) қарсы кездесу өткізіп, оңбай жеңілді. Содан соң сол жылдың тамыз айында өз отанында армениялық Саша Енгоянға қарсы кездесу өткізіп, жеңіске жетті.

Мунгия болса өткен жылдың қазан айында соңғы кездесуін өткізіп, алтыншы раундта Багам аралдары өкілі Туреано Джонсонды жеңді. 

Еске салайық, соңғы жарты жылда Мунгияның қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесу өткізеді деген ақпарат шыққан болатын. Тіпті бұл екі боксшы мамыр айында кездеседі делінді. Алайда кейін мексикалық боксшы бұл ұсыныстан бас тартқан. 

 

Метки:
Жаңалықтар