Екі салмақ бойынша әлемнің бұрынғы абсолютті чемпмоны Эвандер Холифилд өзінің бұрынғы қарсыласы, ауыр салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Майк Тайсонды жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды MMA Fighting.
"Біз жекпе-жекті ұйымдастыруға тырыстық. Бірақ үнемі әртүрлі сылтауға байланысты олар келісім бермеді. Менімен кездесудің алдында неге басқа қарсыласты таңдағанын түсіндім. Рой Джонс - орта деңгейлі қарсылас. Алайда маған қарсы өтетін кездесуде әлемдік деңгейдегі айқас болады. Бұл кездесуді жанкүйерлер де асыға күтіп жүр. Шаршы алаңға кездеспеуге ешқандай себеп жоқ.
Енді Майктың командасынан сылтау естігім келмейді. Майк, сен менімен кездесуге дайын екеніңді айттың. Енді келісімшартқа қол қойып, рингке шық. Мұны әлем күтіп отыр. Мен дайынмын", - деді Холифилд.
Айта кетейік, кәсіпқой бокста Холифилд пен Тайсон екі рет кездескен. 1996 жылдың қараша айында Холифилд 11 раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, Майктан WBA белбеуін тартып алды. Ал 1997 жылы өткен екінші кездесуде Тайсон қарсыласының құлағын тістеп алғаны үшін кездесуден шеттетілді.
Еске салайық, өткен жексенбіде Тайсон Лос-Анджелес қаласында төрт салмақ бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Рой Джонспен кездесті. Бұл кездесу тең аяқталды.
Профи-бокс
2 желтоқсан 2020 14:56
Эвандер Холифилд Майк Тайсонды жекпе-жекке шақырды
Эвандер Холифилд және Майк Тайсон. Сурет: fightsports.tv