Ешкімге қоқан-лоқы көрсетпедім - Жанқош Тұраров
Боксшы Жанқош Тұраров Бостандық ауданындағы нысанды бұзу кезінде соққы алған сот орындаушысына қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Боксшы Жанқош Тұраров Бостандық ауданындағы нысанды бұзу кезінде соққы алған сот орындаушысына қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жанқоштың айтуынша, ол әпкесінің өтінішін орындап, баланы балабақшадан алып келуге барған.
"Жағдай былай болды. Әпкем "үйде бір жағдай болып жатыр, баланы балабақшадан сен алып келші", - деп өтінді. Сосын үйіне бардым. Барсам үйінің қақпасын бұзып жатыр екен. Мен бұзып жатқандардан, "күн суық, көшеде қалдырайын деп тұрсыңдар ма, үйді неге бұзып жатырсыңдар? Жағдайды түсініп алсаңдаршы", - дедім. У-шу, әпкем жылап жатыр. Өткендегі бес адам қайтыс болған жағдайды білесіздер, сондай жағдай болмасын деп "жігіттер, қойыңдар! Мәселе ушығып кетпесін", - дедім".
Оның айтуынша, "арызды қайтар" деген әңгіме болған жоқ, ол - өтірік. Сондай-ақ, үй иесі - Жанқош Тұраровтың әпкесі екен.
"Үй иесі - туысқан әпкем. Қарсы шағымым жоқ. "Арызды қайтарыңдар" деген әңгіме айтылған жоқ. Бұзып жатқан жігіттерге бар айтқаным "мына жерді босатыңдар" деген сөз болды. Олар бәрін бұзып тастаған. Бірақ қорқытып-үркіткен жоқпын", - деді Жанқош Тұраров.
Нысанды бұзу тоқтатылып, отбасын үйден шығармаған. Үйге қатысты мәселе көршілердің арасында болған дау-дамайдан пайда болған.
Жарнама