Ербосынұлы "Канелоның" міндетті қарсыласы болуға мүмкіндік беретін айқасқа қалай дайындалып жатқанын айтты

©Suleimen Promotion

Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында гайаналық боксшы Аллен Леннокске (22-1-1, 14 КО) қарсы кездесуге қалай дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ әңгіме барысында ол алдағы кездесудің маңызы туралы ой бөлісті. 

"Қазір Мәскеуде дайындалып жатырмын. Жаттығулар жақсы өтуде. Жақсы бабымдамын. Аурудан толық айығып, кездесуге дайынмын. Қарсыласты көрдім. Ол өте мықты және техникасы қалыптасқан боксшы. Оның үстіне чемпион болған. Бұл кездесу - екеуміз үшін де маңызды. Қазір стратегия мен тактика жағынан жұмыс істеп жатырмыз. 

Өз отаныңда өнер көрсету әрине жақсы. Бірақ жауапкершілік те көп болады. Көпшілік маған сеніп, тек жеңіс күтіп отыр. Осы жағы шамалы психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Бірақ мен жақсы өнер көрсетіп, сенімді ақтауға тырысамын", - деді Ербосынұлы. 

Бұл кездесу 12 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Кездесудің жеңімпазы осы салмақта WBA белбеуінің иегері Сауль "Канело" Альварестің (56-1-2, 38 КО) міндетті қарсыласы болуы мүмкін. 

Ербосынұлы соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, ганалық Исса Самирді (19-1, 16 КО) жеңді. Бұл кездесуде ол BC Asia, WBA International және WBO Global белбеулерін қорғап қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар