"Елеусінов өзін жаңа қырынан көрсетті". Америкалық маман Даниярдың бұрынғы чемпионға қарсы өткен кездесуі туралы

Сурет: Matchroom Boxing©

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста өзінің жаңа қырымен көзге түсті. Отандасымыз Джулиус Индонгомен өткен кездесуде агрессивті және өте жылдам болды. Мұндай пікірді америкалық журналист Джек МакКафери айтты,- деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

28-қараша күні қазақстандық боксшы Индонгоны екінші раундта нокаутқа түсіріп, жартылай орта салмақтағы IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды. 

"Данияр нағыз "қазақстандық найзағай" екенін дәлелдеді. Оның Индонгоға қарсы кездесуі керемет болды. Негізі көпшілік мұндай нәтижені күткен жоқ еді. Қазақстандық боксшы бірінші раундтан қарсыласын қысымның астына алып, оған ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Елеусінов бұл кездесуде өзін жаңа қырынан көрсетті. Бұған дейін ол асықпай, баппен жұдырықтасатын. Бірақ бұл жолы Данияр агрессивті болып, өте әдемі кездесу өткізді. Ол көпшілікті таңғалдырды", - деді МакКафери. 

Айта кетейік, бұл жеңісінен кейін Елеусінов BoxRec рейтингінде жартылай орта салмақта жұдырықтасатын боксшылар арасында 39-орыннан 26-орынға көтерілді. Ал Индонго 59-орынға түсіп қалды. 

Еске салайық, бұған дейін намибиялық боксшы жартылай орта салмақта IBF, WBA және IBO белбеуінің иегері болған. 



 

Метки:
Жаңалықтар