Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы екінші кездесу екі боксшы үшін де пайдалы екенін айтты.
"Қазір олар келіссөз жүргізіп жатқанын білемін. Бұл жекпе-жек екі боксшыға да өздері қалап жүрген ақша түсіретін кездесу. Бұдан басқа қазір ешқандай жекпе-жек көп ақша түсіре алмайды. Оның үстіне бұл кездесуді күллі әлем күтіп отыр", - дейді Сулейман ESPN Deportes басылымына берген сұқбатында.
Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы бірінші кездесу 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегас қаласында өтіп, тең аяқталған еді. Осылайша отандасымыз өзіне тиесілі барлық белбеулерін қорғап қалды.
Бұл екі боксшы арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні өтуі әбден мүмкін. Жекпе-жектің өтетін орны әлі нақты белгіленген жоқ. Кездесуді қабылдауға олардың бірінші жекпе-жегі өткен Лас-Вегастағы T-Mobile Arena спорт кешенінің мүмкіндігі зор.
Айта кетейік, Головкин мен "Канело" арасындағы бірінші кездесуде T-Mobile Arena спорт кешешінде жанкүйерлерді жинау көрсеткіші бойынша рекорд орнатты. Ал жалпы кездесудің билеттерінің табысын бұл жекпе-жек бокс тарихында үшінші орынға жайғасты. Daily Mail порталының мәліметі бойынша, бұл кездесу үшін қазақстандық боксшы 25 миллион долар табыс тапса, мексикалық одан 10 миллион көп табыс тапқан.
Жарнама