Дмитрий Бивол Головкин мен "Канело" кездесуіне болжам жасады

©twitter.com/bivol_d

Жартылай ауыр салмақта WBA белбеуінің иегері Дмитрий Бивол (20-0, 11 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) пен қазақстандық Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) арасындағы үшінші кездесуге болжам жасады. Сонымен қатар, ол GGG-мен кездесуге қатысты сұраққа жауап берді, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Мамыр айында Бивол "Канеломен" кездесіп, төрешілердің шешімі бойынша жеңген болатын. Содан кейін Альварес реванш талап еткен еді. 

"Канело" Головкинді жеңеді ме, жоқ па білмеймін. Жалпы болжам айтқанды ұнатпаймын. Альварес жеңуге тырысады. Себебі ол соңғы кездесуінде жеңілді. Соңғы айқасынан кейін ол әлі толық өз-өзіне келе алмаған шығар. Оның басында не болып жатқанын білмеймін. Мен Головкинге сәттілік тілеймін. Жеңгенін қалаймын. 

Ал Головкинмен кездесуге келетін болсақ, мен онымен жекпе-жек өткізуді ешқашан ойлаған емеспін. Ол менің қарсыластарымның тізіміне кірмейді", - деді Бивол Fightnews.info басылымына берген сұқбатында. 

Айта кетейік, Головкин мен "Канело" арасындағы үшінші кездесу 17 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласында T-Mobile Arena спорт кешенінде болады. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жаңалықтар