Деревянченконың адвокаты Алекс Домброфф IBF-ге Альварестің командасымен келіссөзді жалғастырғысы келмейтінін айтқан. Енді IBF ережесі бойынша промоутерлік сауда-саттық өтуі керек - ол 23 шілдеде ұйымның Спрингфилдтегі (Нью-Джерси штаты, АҚШ) штаб-пәтерінде болады.
Айта кетейік, IBF титулын Альварес 4 мамырда Лас-Вегаста иеленген еді. Ол бұл белбеуді америкалық Дэниэл Джейкобстан жеңіп алған болатын. Содан бері мексикалық боксшы рингке шыққан жоқ. Келесі жекпе-жегі қыркүйекте өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Альварес промоутерлік сауда-саттықтан бас тартса, IBF одан белбеуін тартып алатыны хабарланған еді. Ал бос қалған титул үшін Деревянченко ең жақын үміткер қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасады.
2015-2018 жылдар арасында Головкинде IBF титулы болған, бірақ былтыр қыркүйекте Альвареспен жұдырықтасу үшін Деревянченкомен жекпе-жек өткізуден бас тартып, белбеуінен айырылған еді.