18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін бокс кешінде өнер көрсететін барлық боксшылар анықталды. Жекпе-жек кешінің басты айқасында Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы мексикалық Данте Хардон болады. Бұл кездесуде жартылай орта салмақта IBO белбеуі сарапқа салынады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Жалпы Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe Jek сарайында өтетін бокс кешінде 13 кездесу болады. Елеусіновтің алдында шаршы алаңға аса ауыр салмақта сынға түсетін отандасымыз Иван Дычко шығады. Оның қарсыласы ресейлік Александр Устинов.
Сонымен қатар, осы шоуда тұңғыш рет 55,3 келі салмақта Ержан Залилов пен Ескендір Харсан арасындағы Қазақстан чемпионы белбеуі сарапқа салынады. Дәурен Елеусінов болса әзірбайжандық Али Мамедовпен жұдырықтасады. Одан бөлек, Жанқош Тұраров та жанкүйерлерге өз өнерін паш етеді. Бірақ оның қарсыласы әлі белгілі болмады.
18 желтоқсан күні Ангелина Лукас кәсіпқой бокста дебютін жасайды. Ол украиналық боксшы Алена Гурьевамен жолығады.
Жекпе-жек кешінің андеркартында 28 жастағы Дәулет Дәукенов (9-2, 4КО) 34 жастағы ганалық Анама Доцемен (18-4, 17КО), 32 жастағы Айдар Шәрібаев (8-1, 7КО) 25 жастағы ресейлік Шохрух Абдиевпен (9-2-1, 3КО), 27 жастағы Николай Шваб (7-0, 3КО) 35 жастағы ганалық Натаниэль Нукпемен (13-8-1, 13КО), ал Сапарбай Айдаров (5-0, 2 КО) 24 жастағы украиналық Всеволод Слипченокмен (4-2, 1КО) қолғап түйістірсе, Асхат Жантұрсынов (5-0, 4 КО), Айдар Әмірзақов (0-1) және Ақниет Әлібайдың (дебют) қарсыластары енді анықталады.