Бокстан Қазақстан құрамасының капитанының дебюті өтетін орны мен уақыты белгілі болды

Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Данияр Майлыбаев©
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев өзінің дебюттік жекпе-жегін 23 тамызда Алматыда өткізеді. Бұл туралы MTK Kazakhstan басқарушы компаниясы өзінің Instagram-дағы аккаунтында хабарлады.

Ауыр салмақ категориясында 91 келіден асатын қарсыластың есімі әлі жарияланған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Коңқабаев әуесқой бокстан шықпайтынын және Токиодағы Олимпиадаға дайындықты жалғастыратыны белгілі болды.

Сондай-ақ, Алматыдағы бокс кешінде тағы екі боксшы өнер көрсетеді - Тұрсынбай Құлахмет пен Талғат Шайкен. "Біз сіздерге 23 тамызда өтетін Алматыдағы MTK FIGHT NIGHT кәсіпқой бокс кеші туралы жаңалықпен бөліскенімізге қуаныштымыз! Турнирге қазақстандық жетекші кәсіби боксшылар қатысады: Қазақстаннан Абай Төлеш, Виктор Коточигов, Рай Сейітжанов, Иса Ақбербаев, Сапарбай Айдаров, Нұртас Ажбенов, Нұрдос Төлебай, Али Балоев, Сағадат Рахманқұлов, Нұржан Мақашбаев, Талғат Бертілеу және шетелдік боксшылар! Сол күні Қамшыбек Қоңқабаев, Тұрсынбай Құлахмет және Талғат Шайкен кәсіпқой рингте дебют жасайды!»- делінген MTK Kazakhstan хабарламасында.

Метки:
Жаңалықтар