Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-1-1, 37 КО) бапкері Джонатан Бэнкс мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (57-2-2, 39 КО) өтетін үшінші кездесуден не күтетінін айтты. Сонымен қатар, ол бұл кездесуде GGG-дің ескі стилін қайта пайдаланатыны туралы ақпаратпен бөлісті, деп жазады tofight.ru порталы.
"Мен бұл кездесуде Головкиннің бір сарында емес, жан-жақты жұдырықтасқанын қалаймын. Ол өзінің күші көп екенін біледі. Енді жанкүйерлер оның қимыл-қозғалысы, шабуылшы мен жылдамдығы қандай екенін көргенін қалаймын. Негізі ол әмбебап боксшы. Менің басты мақсатым - Головкиннің сол қырын қайта есіне салу.
Әуесқой бокста, Олимпиадада GGG жекпе-жекті қарсыласын шыр айналдырып өткізетін еді. "Канеломен" бірінші кездесуде де солай жұмыс істеді. Мен сол Геннадийді көрсем қуанамын. Алдағы айқаста ол шаршы алаңның ортасын өз бақылауына алады", - дейді Бэнкс.
Айта кетейік, Головкин мен "Канело" кездесуі 17 қыркүйек күні өтеді. Бұл жекпе-жекте екінші орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы атағы сарапқа салынады.