Айдос Ербосынұлының келесі кездесуі қашан өтетіні анықталды

Сурет: Suleimen Promotions

Екінші орта салмақта қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) келесі кездесуін тамыздың соңында өткізеді. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне дереккөз айтты. 

Ербосынұлы қазір жекпе-жекке дайындықты бастаған. Бірақ кездесудің қайда өтетіні әлі белгісіз. Қазіргі уақытта боксшының командасы Ресей, Канада немесе Қазақстанда алдағы кездесуді өткізуді жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, Ербосынұлы IBF белбеуінің чемпионына міндетті қарсылас атануға мүмкіндік беретін кездесуге шығуы керек еді. Оның қарсыласы Евгений Шведенко (15-0, 6 КО) болған. Ал жекпе-жек 17 сәуірде Карлсруэде (Германия) өтуі керек тұғын. Алайда кездесуге бір апта қалғанда қазақстандық боксшы Сovid-19 вирусын жұқтырып алды. 

Сөйтіп Шведенко екінші бір ресейлік боксшы Владимир Шишкинмен (12-0, 7 КО) кездесу өткізуге келісті. Бұл айқас тамыз айында өтеді. 

Ербосынұлы болса соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, ганалық Исса Самирді (19-1, 16 КО) жеңді. Бұл кездесуде ол BC Asia, WBA International және WBO Global белбеулерін қорғап қалды. 

Метки:
Жаңалықтар