Супер орта салмақта WBA белбеуінің иегері кубалық боксшы Давид Моррелдің (6-0, 5 КО) командасы қазіргі уақытта осы дивизионда WBC белбеуінің иегері америкалық Дэвид Бенавидеспен (25-0, 23 КО) келіссөз жүргізуде. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне дереккөз айтты.
Кубалық боксшы WBC "уақытша" чемпионы атағын иеленіп, осы ұйымның толыққанды чемпионы атануға ниетті. Бұл үшін Моррел WBA белбеуінен де бас тартуға дайын.
Бірақ оған дейін Моррел 4 маусымда АҚШ жерінде белбеуін америкалық Кэлвин Хэндерсоннан (15-1-1, 11 КО) қорғап қалуы керек. Орайы түскенде айта кетейік, осы бокс кешінде Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Бек Нұрмағанбет және Евгений Павлов секілді қазақстандық боксшылар өнер көрсетеді.
Ал Ербосынұлы болса өткен жылдан бері әлі жекпе-жек өткізбеді. Айдос осыған дейін мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареске (57-1-2, 39 КО) ресейлік Дмитрий Биволға (16-0, 11 КО) қарсы кездесуде көмектесіп, спарринг қарсылас болды.
Дереккөздің ақпараты бойынша, осыған дейін Ербосынұлына WBC белбеуінің иегері ұлыбританиялық Зак Паркерден (22-0, 16 КО) ұсыныс түскен. Бірақ қазақстандық боксшының командасы назарын WBA ұйымына аударғанын айтып, жекпе-жектен бас тартты.
Енді отандасымыздың әлем чемпионы атануына жақсы мүмкіндік туып тұр. Ол үшін Моррел белбеуінен бас тартуы керек. Сол кезде Ербосынұлы чемпиондық белбеуге бірінші үміткер болады.