"Айдос әлі чемпиондарға қарсы шығуға дайын емес". Америкалық маман Ербосынұлының соңғы жекпе-жегі мен болашағы туралы айтты

©Suleimen Promotion

Delcotimes.com порталының редакторы Джек МакКаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында супер орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 КО) мен гайаналық Аллен Леннокс (22-1-1, 14 КО) арасындағы кездесу туралы ойымен бөлісті. 

Кездесу кеше, 12 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласында "Көшпенділер шайқасы - 2" деп аталатын бокс кешінде өтті. Кездесу 12 раундқа жоспарланған. Аталған айқаста WBA чемпионаның міндетті қарсыласы атағы сарапқа салынды. Ербосынұлы бұл кездесудің оныншы раундында қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Жекпе-жектің видеосын мына жерден көре аласыз. 

"Бұл айқас Ербосынұлы үшін қатты маңызды болды. Қазақ боксшысы қарсыласынан мықты болды деп айта алмаймын. Леннокс та өзінің мықты екенін көрсетіп, бір-екі рет Айдосты есеңгіретті. Ол Ербосынұлының карьерасындағы ең мықты қарсылас болды деп ойлаймын. Бірақ бұл сынақтан сүрінбей, нокаутпен жеңіске жетті. Тағы бір айтарым, қазақстандық боксшының әрбір кездесу сайын деңгейі өсуде. Денсаулығына байланысты алған үзіліс оның карьерасына кедергі келтірмеді. Енді техникасын толықтыруы қажет. Шабуыл кезінде жан-жақты болуы керек. 

Жекпе-жек қиын болды. Енді Айдосты чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарына қосуға болады. Дегенмен, оған әлі боксшы ретінде біраз өскені дұрыс болады. Себебі бұл салмақта өте мықты чемпиондар бар. Айдос чемпиондарға қарсы шығуға әлі дайын емес. Менің ойымша, ол енді Моррелмен кездесетін шығар. Бұл қызықты айқас болатын еді", - деді МакКафери. 

Айта кетейік, Ербосынұлы кеше кәсіпқой бокстағы 16 жеңісіне қол жеткізді. Ол енді кубалық Давид Моррелге (5-0, 4 КО) тиесілі WBA чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер атанды. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар