Бокс шолуышысы Джейк Донаван бірінші орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы мексикалық Хайме Мунгияның (40-0, 32 КО) карьерасы туралы айтып берді, деп жазады vRINGe.com порталы. Донаванның пікірінше, Жәнібек Әлімханұлымен (12-0, 8 КО) кездесуден бас тартқан мексикалықтың карьерасы кейін кетуде.
Тамыз айында промоутер Фернандо Бельтран (Zanfer Promotions) Мунгияның келесі кездесуі 29 қазан күні Сан-Диего (АҚШ) қаласында өтеді деген болатын. Бірақ бұл жекпе-жек өтпейтін болды.
Донаванның айтуынша, Бельтран бұл мәлімдемені тым ерте жасаған. Енді сол үшін өкініп отыр екен. Себебі DAZN Мунгияның бұл кездесуін ұйымдастыруға ниетті емес.
Стримингтік сервистің басшылары, Мунгияның деңгейі түсіп кетті деп ойлайды. Сол үшін болмайтын кездесу үшін олар ақша шығарғысы келмейді.
Еске салайық, ақпан айының соңында Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) Мунгия мен Әлімханұлы арасындағы кездесу туралы хабарлады. Боксшыларға келісімге келуге он күн уақыт берген еді. Бірақ екі тарап келісімге келе алмады.