Бірінші орта салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы мексикалық Хайме Мунгияның (40-0, 32 KO) келесі кездесуі қашан өтетіні белгілі болды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
"Ресми. Хайме Мунгия шаршы алаңға 29 қазан күні Сан-Диегодағы Pechanga спорт кешенінде шығады. Қарсыласпен де келісімшарт жуырда жасалады", - деп келтіреді BoxingScene порталы боксшының промоутерлерінің бірі Фернандо Бельтранның сөзін.
Еске салайық, осыған дейін Мунгия орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен (12-0, 8 КО) кездесуден бас тартты. Ақпан айында WBO екі боксшыға келіссөз жүргізуге он күн берді. Бірақ бұл келіссөзден ешқандай нәтиже шықпады.
Содан соң Мунгия маусым айында ирландиялық Джимми Келлимен (26-3, 10 KO) кездесіп, жеңіске жетті.