Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Джермалл Чарло (32-0, 22 КО) мексикалық Хуан Масиас Монтиэльге қарсы кездесуде белбеуін сәтті қорғағаннан кейін осы салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді (41-1-1, 36 КО) жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Чарло мен Монтиэль арасындағы кездесу Хьюстон қаласындағы (Техас, АҚШ) Toyota Center спорт кешенінде өтті. Бұл бокс кешін атақты Эл Хэймон ұйымдастырды. Жекпе-жек 12 раундқа созылды. Айқастың қорытындысы бойынша 119:109, 119:109, 120:108 есебімен төрешілер жеңісті америкалық боксшыға берді.
Бұл кездесуден кейін Чарло Головкинмен белбеулерді біріктіретін чемпиондық кездесуді өткізгісі келетінін айтты.
"160 фунт - бұл менің салмағым. Белбеулерді біріктіретін кездесу өткізгім келеді. Головкинді Хьюстонға шақырамын", - деді Чарло.
Айта кетейік, Чарло осымен белбеуін бесінші рет сәтті қорғап отыр. Ал Головкиннің шаршы алаңға шықпағанына біраз уақыт болды. Ол соңғы рет Камил Шереметаға қарсы жұдырықтасып, нокаутпен жеңіске жетті.