Профи-бокс
11 тамыз 2021 18:46

"20 күнде екі жекпе-жек өткізуге болады". Америкалық маман Ахмедовтің алдағы айқастары туралы ойын айтты

©GGG Promotions©

Америкалық WorldBoxingNews басылымының редакторы Фил Джей екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Али Ахмедовтің (16-1, 12 КО) шаршы алаңға қайта оралуына байланысты пікір білдірді. Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында ол отандасымыздың 20 күнде екі жекпе-жек өткізуіне қалай қарайтынын айтты. 

"Али Ахмедов - өте жақсы боксшы. Оның Гонгорадан жеңілгені күтпеген жайт болды. Тәжірибесінің аздығы әсер етті. Сонымен қатар, қатты уайымдап кетті. Негізі Ахмедов - талантты боксшы. Бірақ әлі біраз жұмыс істеуі керек. Қайтадан мықты қарсыластарға қарсы шығуы қажет. Аз уақыттың ішінде екі жекпе-жек дейсіз бе? Менің ойымша, өткізуге болады. Бірінші қарсыластың деңгейі жоғары емес. Бұл кездесуде ол шаршы алаңды сезініп алады. Ахмедов - жас әрі тың боксшы. Ол тез қайта қалпына келеді. Тәжірибе мен практика маңызды. Өз салмағындағы мықты боксшылардың деңгейіне жету керек. Осы екі кездесуден кейін біз оның қандай деңгейдегі боксшы екенін көреміз", - деді Джей. 

Ахмедовтің бірінші кездесуі 26 тамыз күні Коста-Меса (Калфорния штаты, АҚШ) қаласында өтеді. Алайда қарсылас белгісіз. Ал BoxRec ақпараты бойынша, 20 күннен кейін, яғни 16 қыркүйек күні Монтебеллода (АҚШ) қазақстандық боксшы жеңілмеген никарагуалық Лестеп Мартинеспен (9-0, 9 КО) айқас өткізеді. 

Незігі Ахмедов 1 тамыз күні Альбукерке (Нью-Мексика штаты, АҚШ) қаласында кездесу өткізуі керек еді. Бірақ оның қарсыласы, перулік Давид Сегарра (34-5, 21 КО) жекпе-жекке бірнеше сағат қалғанда коронавирус жұқтырып алғаны анықталды. Сөйтіп жекпе-жек өтпей қалды. 

Айта кетейік, Ахмедов былтырғы желтоқсаннан кейін шаршы алаңға шықпады. Соңғы кездесуінде ол 12 раундта Калос Гонгорадан (20-0, 15 КО) нокаутпен жеңіліп, IBO белбеуін иелене алмай қалды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport