Профи-бокс
20 шілде 2020 19:48

12 рет нокаутпен жеңіске жеткен қазақстандық боксшының қарсыласы анықталды

Жан Кособуцкий. Трансляцияның эпизодынан
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жан Кособуцкий (13-0, 12 КО) 4 тамыз күні Минскіде польшалық Камиль Соколовскимен (9-17-2, 3 КО) кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz порталы. 


Отандасымыз Беларусь еліне келген. Мұнда ол он раундтық кездесуге дайындығын жалғастырады. Ең әуелгі жоспар бойынша Кособуцкий 30 шілде күні шығу керек еді. Бірақ кездесу кейінге шегерілді. 

Жекпе-жекте рейтингтік ұпайлар сарапқа салынатын шығар. 31 жастағы боксшы IBO Inter-Continental белбеуін де қорғайды. Айта кетейік, бұл белбеуді Жан өткен жылдың қараша айында Гамбург қаласында хорват Агрон Смакичиді жеңіп, иеленген еді. 

2020 жылы боксшымыз бір кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Ал 34 жастағы Соколовски болса биыл екі кездесу өткізіп, біреуінде жеңіліп, біреуінде жеңіске жеткен. 

Кособуцкий кәсіпқой боксқа 2017 жылы ауысып, осы уақытқа дейін 13 кездесудің барлығында жеңіске жетті. Ол 12 кездесуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген.