Профи-бокс
20 тамыз 2020 15:53

12 жылдан кейін. Де Ла Хойя кәсіпқой бокстағы карьерасын жалғастыратынын мәлімдеді

Сурет: Fightnews.info
1992 жылы Барселона қаласында өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой бокста алты салмақта әлем чемпионы атанған боксшы, қазіргі уақытта мексикалық Сауль "Канело" Альварестің промоутері болып жүрген даңқты Оскар Де Ла Хойя карьерасын қайта бастайтынын айтты. 

Атақты боксшы биыл 47 жасқа толды. Ол 2008 жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Соңғы рет ол филиппиндік Мэнни Пакьяодан жеңіліп, карьерасын аяқтаған болатын.  "Иә, мен карьерамды қайта бастаймын. Жақын арада спаррингке кірісемін", - деді боксшы Вoxingscene.com порталына берген сұхбатында. 

Айта кетейік, кәсіпқой бокс шаршы алаңында 45 кездесу өткізіп, 39 айқаста жеңіске жетсе, 6 кездесуде жеңілген. Ол карьерасында Флойд Мейвезер, Бернард Хопкинс, Шейн Мосли, Артуро Гатти, Хулио Сесар Чавес, Рафаэль Руэлас секілді мықты боксшыларға қарсы жұдырықтасқан.