Қазақстан үстел теннисінен командалық ӘЧ-нің 1/8 финалынан аса алмады

©ҚР ҰОК

Қазақстан ерлер құрамасы үстел теннисінен Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының ширек финалына шыға алмады.

1/8 финалда қазақстандық спортшылар Жапония құрамасымен кездесті.

Алғашқы ойында Кирилл Герасименко Сора Мацусиманы 3:1 есебімен жеңді.

Кейін Томоказу Харимото Алан Құрманғалиевтен 3:0 есебімен басым түсіп, есепті теңестірді.

Одан кейін Айдос Кенжіғұлов пен Сюнсүке Тогами өзара мықтыны анықтады. Бұл кездесуде жапониялық спортшы 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Төртінші матчта Кирилл Герасименко Томоказу Харимотоға 0:3 есебімен есе жіберді.

Осылайша, Жапония құрамасы жалпы есепте 3:1 нәтижесімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Қазақстан құрамасы жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады. Бұл - ұлттық құраманың командалық әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі.

Айта кетейік, Жапония ерлер құрамасы Токио Олимпиадасында командалық сайыста қола жүлдеге ие болған еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport